Асырап-баққан малыңның ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенінен артық қиянат бар ма?
Ауыл арасында көптен айтылып жүрген, бірақ, нәтижесі азаңдау бір түйткіл – осы мал ұрлығы. Иә, көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң ұрлық деп атауымыз артық көрінуі мүмкін. Алайда, өрістегі малдың ұшты-күйлі жоғалуын басқаға балай алмадық.
Алып-қашпа әңгіме деңгейінен аспай отырған мал ұрлығының анықталмау себептерін аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мал иесінің дер кезінде хабарламауынан және мамандарда даладан жоғалған малды анықтау мүмкіндігі болмауынан деп санайды. Одан бөлек, ұрланған малды тапқан күннің өзінде, кейбірі барымташыға «кеңдік» танытып, кешірім беріп жататыны да бар. Бір сөзбен айтқанда, осындай себептермен қолды болған малдардың жоғалғаны табылмай, анықталғаны жазаланбай қалып жатыр.
Ұрлатып алып, іздегеннен гөрі әу баста жоғалтпаудың қамын ойлаған дұрыс, әрине. Бірақ, қалай? Жақында Х.Ерғалиев ауы-лында тұрғындардың қа-тысуымен өткен жиында осы төңіректе біраз әңгіме өрбіді, ұсыныс-пікірлер айтылды.
- Мал ұрлығын болдырмау жануарларды ұстау тәртібін бақылайтын жалғыз учаскелік полиция инспекторының ғана міндеті емес, оған ауыл адамдары түгел атсалысуы керек, - дейді жиында пікір білдірген ауыл тұрғыны, зейнеткер Қалидолла Қадыров. - Бұл бо-йынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен, мал бағуға жағдай жасалуы керек шығар. Көлтабанға су шығару арқылы мәдени мал жайылымын қалыптастырмаса, жайылымдық жер тапшылығынан малды ұстау, бағу мүмкін болмай барады, - дейді тұрғын. Бұл ойды қостаған Победа Жұбатқалиев өрістегі мал үнемі бақылауда болуы керек деп санайды. - Ол үшін мал иелері, ерікті халық жасақшылары мен учаскелік полиция инспекторы бірлесіп, рейдке шығып тұруын ұйымдастырған дұрыс, - деген ұсынысын да білдірді.
Ауыл тұрғыны Қадыралы Гумаров көршілерінен 20 шақты сиыр жоғалып отырғанын айтады. Жеке тұрғындардың мал жайылымына жер бөлуді ұсынған ол бөлінген жерді қоршап, оған уақытылы су жіберіп отыру керек екендігін де атап өтті. Көптің пікірі ауыл малын бағуға бақташы керек дегенге саяды. Ал, оны қалай ұйымдастыру қажеттігі әзірге нақтыланған жоқ. - Мал бағу, оның ішінде әр үйден қосылған малды біріктіріп бағу, таңертең жинақтап қосып, кешке тарату оңай жұмыс емес. Бақташыға төленетін ақы әр басқа 2-2,5 мың теңгеден кем болмауы тиіс, - дейді ауыл тұрғыны Ибатолла Сәтенов.
Учаскелік полиция инспекторы мен қоғамдық ұйымдар, мекемелер басшыларымен бірлесе отырып, «Бірлесіп ұрлық қылмысының өсуіне жол бермейік» бағдарламасының іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс жасау жолға қойылады. Сондай-ақ, жеке тұрғындардың малын бақтыруға бақташы шығару, мал бағатын жайылымдық жер бөлуге жұмыстану мәселесін ұйымдастыруды ауылдық округ әкімі назарда ұстайтын болады. Жиналыс осындай қаулы етті.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ