Исатай аудандық сотында жол-көлік оқиғасы бойынша қаралған істердің көпшілігі дерлік жастарымызға қатысты болып отыр, араларында үлкен ер азаматтар да бар.
Айта берсеңіз, бұл жөнінде көптеген деректерді келтіруге болады. Қазіргі қоғамда маскүнемдік пен арақ ішу - ең басты мәселе болып отырғаны өкінішті. Соның ішінде осы мас күйінде көлік жүргізгендердің саны күн санап артып келе жатқаны да шындық. Аудандық сотқа өткен жылдың он екі айы бойынша Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабымен 27 әкімшілік құқықбұзушылық іс түсіп, 25 әкімшілік іс бойынша әкімшілік шара алынып, 2 әкімшілік іс бойынша іс өндірістен қысқартылған. Оның ішінде 6 адамға қамау түріндегі жаза берілген, 19 адамға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы берілген.
Бұл істердің барлығы да заңда белгіленген мерзім ішінде қаралды. Аудандық сотпен қаралған Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608- бабымен яғни, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарған, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына берген азаматтарға қатаң әкімшілік шаралар алынуда. Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағандар он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынады және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер - жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер - жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады. Аталған баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер - жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Гүлназ САРИЕВА,
аудандық соттың бас маманы,
сот мәжілісінің хатшысы