Қазақстан Республикасы Парламент депутаттары бүгінгі таңда өңірлерде халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде.
Өткен аптада ауданымызға жұмыс сапарымен Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев келіп, Елбасының осымен 11-ші рет жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы және аудандық мәслихат депутаттарымен бірлесе талқылап, түсіндірген еді. Енді тағы бір мәрте сонау орталықтан киелі Нарын өңіріне сапарлап келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Мейрам Пішенбаев, Нұрлан Әбдіров, Тұрғын Сыздықов, Бейбіт Мамыраев және Бекболат Тілеухан мырзалар Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарында өткізген халықпен кездесулерінде елді Елбасы Жолдауынан туындаған мәселелермен таныстырып, ұсыныс-пікір, тілектер және өзекті мәселелер жинай келгендерін жеткізді.
- Биылғы Жолдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 40-қа жуық тапсырма берген болса, соның 14-і әлеуметтік салаға арналғаны белгілі. Мәселен, келесі жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялау туралы ұсыныс айтты. Ал, ол дегеніміз, ән айтып, көңіл көтеріп, той тойлау емес, елдік маңызы зор мәнді шаралар өткізіп, осы санаттағы азаматтарға барынша қолайлы жағдайлар тудырып, оларды өз кәсібін ашуға, қосымша мамандықтар алуына немесе қайта дайындықтан өтуіне жағдай жасау, - деді депутат Нұрлан Әбдіров.
Ал, өзі Парламент Мәжілісінің депутаты әрі Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішенбаев отандық автокөлік құрастыру жөнінде өз ойын айтты. – Елбасы 2024 жылға қарай отандық автопром өндірісін жылына 100 мың данаға жеткізуді міндеттеп отыр. Бұл қиын меже, өйткені, қазір қазақстандықтардың әл-ауқатының артуымен бірге шетелдік автокөліктерге деген сұранысы да артып отыр. Бұл тұста біздің жұмысымыз әрі сапалы, әрі бағасы арзан көлік шығару, өйтпеген күнде біз бәсекеге шыдас беруіміз екіталай, - деді. Сонымен бірге, қазіргі көлік жасау және құрастыру үдерісі туралы Қазақстанның әлеуетіне түсіндірме жасай отырып:
– Жалпы машина жасау саласын алатын болсақ, өткен бес жылдықта экономикамызда бұрын шығарылмаған заттарды шығарып, үлкен жобалар қолға алынды. «General Electrics» компаниясымен қолға алынып жатқан тепловоздар, «Alstom» компаниясының электровоздарын ерекше айта кетуге болады. Сондай-ақ, тікұшақтар шығарылуда. Одан бөлек автомобиль зауыттары пайда болды. Өткен бес жылдықта бөлшектерді жинап шығаратын едік. Ендігі жоспар бо-йынша алдағы бес жылдықта шығарылып жатқан көліктердің автокомпоненттерін кем дегенде 50 пайызға жеткізу керек. Өйткені, 50 пайызға жеткізе алмасақ, Еуразиялық одақтағы әріптестерімізге 2020 жылға қарай экспорт шығара алмай қаламыз,-деді.
Жиын барысында жарыссөзге алдын ала жазылып, халық алдына шығып, өз ойларын білдірген аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының уақытша міндетін атқарушы Ботагөз Құлғалиева, Өркен орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынаргүл Сисенғалиева, ардагерлер Жұмажан Қадимов және Ғаділ Сағынтаевтар өздерін мазалаған әлеуметтік мәселелерді қозғап, көпшіліктің ойын жеткізіп, халық қалаулыларына ертеңгі күні кеңселеріне оралған соң мінберлерде қозғайтын маңызды мәселелерді айта алды. Мәселен, ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер Жұмажан ағамыз Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі екендігін алға тарта отырып, мынадай үш мәселе айтты:
Біріншіден, мектептегі білім беру жүйесінің тым күрделі екендігін, мектеп сөмкелерінің де шамадан тыс ауырлығын, Ахмет Байтұрсынұлы негізін салып кеткен «Әліппе» оқулығының орнына «Сауат ашу» оқулығының халықпен санаспай, қисынсыз пайда болғандығын айта келіп, бірінші сынып оқушыларының мектеп бағдарламасына тоқталды. Оның айтуынша, бірінші сынып кітаптарында конус пішінін жасау, жазықтықты өлшеу сынды бұрын жетінші сыныпта оқыған тригонометриялық тапсырмалар бар екен. Бұл – өмірді енді бастаған баланың санасына тым ауыр, сондықтан, біз, зейнеткерлер бұған қарсымыз, - деді.
- Сонымен бірге, Нарын құмында мал баққан шаруаларға соңғы бір-екі жыл өте ауыр тиіп тұр. Өйткені, мал басына, әсіресе, жылқы төліне бір кесел тиді. Аузы-мұрнынан қан кетіп, артынша құлап, көп ұзамай өліп жатқан мал басы көп. Астана, Алматыдан қанша рет келіп, сынама алғанымен, себебін таба алмай жүр. Сол себепті бұрын мал шаруашылығымен айналысатын көп жұрт қолдағы азын-аулақ малын сатып, ауылға кері оралып жатыр. Бәріне себеп – өлген мал басына, өкіметтен өнімақының төленбейтіні. Сондықтан, біздің ұсыныс қолданыстағы Заңда жазылғандай, өлкен мал басының нақты қандай аурумен ауырғаны дейтін жерге белгісіз аурумен ауырып өлген дейтін сөзді енгізсе, дұрыс болар еді, - деген ұсынысын жеткізді. - Үшінші мәселе – еңбекақы өседі деген күннен бастап өсетін базардағы азық-түлік бағасы кейінгі кездері шарықтап, қолға ұстатпай кетті. Біздегі азық-түлік түгел дерлік көрші Астрахан облысынан тасылатындықтан, ана жақтан арзан бағамен сатып алынып, бізге әкеліп бірге бір қосып сатылатын тауарларды сату үдерісіне мемлекеттік шектеу немесе бақылау енгізуге бола ма? - деген базынасын білдірді.
Мұнан әрі шараға қатысушылар ішінен қойылатын сауалдарға жауап беру кезінде аудан тұрғындары біраз ойдың шетін ашып, бүкпесіз өздерін мазалаған сауалдар қоя алды. Мәселен, зейнеткер Ботагөз Құлғалиева мектеп оқушылары арасында 800-1000 теңге көлемінде қаржы жинап, білім сапасын бақылайтын кітапша сатып алдыратын және артынша тестілеуден өткендігі туралы сертификат беретін жұмыстардың заңдылығын сұраса, аудандық аурухананың тіс дәрігері Азамат Халел мемлекет тарапынан өз кәсібін ашамын деушілерге берілетін гранттарға қатысу үшін жиналатын құжаттардың өте көп екендігі, бұл саладағы қағазбастылық туралы айтып, Елбасы ұсынған келесі Жастар жылында бұл салаға баса назар аударылып, грант бөлу кезінде бір реттік басыңқылық берілсе деген ұсынысын білдірді және Мейрам Пішенбаевқа отандық автокөліктер бағасының қымбат екендігін айта келіп, еңбекті енді бастаған, табысы аз жастарға арналған пайызы аз несиелеу бағдарламалары болса деген тілегін жеткізді.
Жалпы, орталықтан алыс-тау, кәрі Нарын құмының етегінде бұйығылау, бір қырын өмір сүріп жатқан Исатай жұртшылығы халық қалаулыларын күнде көріп, дидарласып жүрмегесін шығар, барынша өздерін мазалаған сауалдарын қойып, шама-шарқының келгенінше ол сұрақтарға жауаптар алғысы да келді. Айталық, ауданның тіс дәрігері, зейнеткер Қайрат Исақұлов депутат Бекболат Тілеуханнан білім беру жүйесіндегі олқылықтарды түзеу туралы нендей жұмыстардың жүріп жатқанын сұрады. - Мен қырық жылға таяу қызмет өтілі бар жоғары білімді маман әрі өмірлік тәжірибесі мол ересек кісі болғаныммен, кешкілік балалар сабақ оқитын уақытта үйде тысқарылау жүруге тырысатын кездерім көп. Өйткені, мен тоздым ба, әлде балалар озды ма, қайдам, әйтеуір кітаптардағы тапсырмаларының көбін түсінбеймін. Балаларға да жаным ашиды, бір үйдің бір топ кісілері болып сабақ оқитын кездеріміз көп, сондықтан, Білім және ғылым министрлігі арқылы бұл жағдайларды реттеуге бола ма?-деді.
Осы және өзге сұрақтардың басын қосып, реттеп, жүйелеп жауап берген халық қалаулылары барлық сауалдардың жерде қалмай, аяқасты етілмей, комитет отырыстарында қаралатынын, тіпті, Үкіметке ұсыныс немесе депутаттық сауал болып жолданатынын айтты.
Бейбіт МАМЫРАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
–Негізі мектеп оқулығын кем дегенде үш ғалым кісі отырып жазу керек. Оның біріншісі – теориядан, екіншісі әдістеме бойынша, ал, үшіншісі тәжірибе жағынан сүйемелдеп, бар білген-оқығандарын мемлекеттік бағдарламаға сәйкес қағазға түсіріп, кітап басылуы тиіс болса да, бізде, өкінішке орай оқулықты бір адам жазатын жағдайға жеттік. Бұл – қиын да болса мойындауды қажет ететін дүние. Бәріне себеп – мемлекеттік тапсырыс негізінде дейтін терминнің пайда болуы. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелемей, бетімен кеткен жүгенсіз тірліктерге тұсау салмайынша, көсегеміз көгермейді, сондықтан, Парламент қабырғасында бұл мәселелерге қозғау салып, тиісті органдарға сұрау жібереміз.
Мейрам ПІШЕНБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:
– Елбасы 2024 жылға қарай отандық автопром өндірісін жылына 100 мың данаға жеткізуді міндеттеп отыр. Сол кезде отандық автокөліктер бағасы едәуір төмендейді деп күтіліп отыр.
Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекеттік сыйлықтың иегері:
–«Әліппе» оқулығы бойынша менің ҚР білім және ғылым министрлігіне айтып жүрген және әлі де айтар базынам көп. Әзірге кеудемде жаным барда ұлтымыздың ұлт болып қалыптасуына бірден-бір қатысы бар еліміздің білім жүйесіндегі олқылықтарды түзеу үшін күресе беремін. Бұл тақырыптар мен үшін ешқашан да күн тәртібінен түспейді.
Аслан Мұратұлы