«Мұнайшыда» қаңғыбас мысықтар өріп жүр

Осыған дейін газетіміздің бетінде «Түн болса «Мұнайшыда» тыныштық бұзылады» деген атаумен мақала жариялағанымыз көзі қарақты оқырманның есінде шығар.

Ол жазбамызда кеш батып, түн баласы болғанда Аққыстау ауылындағы сол мөлтек ауданға жастар жиылып алып, спирттік ішімдіктер ішетіні, балалар алаңына дәрет те сындыратыны, артынан босаған шөлмектерді сындырып кететіні, тіпті кейде «қызып алып» төбелесіп, тұрғындардың мазасын алатыны туралы ашына айтқанбыз. Енді бүгін тағы да сол «Мұнайшының» көзбен көріп жүрген кезекті кемшілігін айтсақ дейміз.

Ол ауданда тұратындар біледі, тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс тастайтын контейнерлердің жанын қысы-жазы үсті-басы жара, таланған, өздері сұсты әрі кір-қожалақ оншақты мысық мекен етеді. Тамақтың қалдығын жеп күнелтетін олар, әрине, иесі жоқ қаңғыбас жануарларға жатады. Қысты күндері жылыну үшін подъездерге кіріп, дәрет сындырып, ластап, одан қалса мауығып, түнімен мияулап, жас балаша ыңылдап, тыныштықты алатын, ал, жазды күндері далада жүретіндіктен кейде «ешкімге зияны жоқ қой, жүре берсінші» дейін десең, сол маңдағы сәбилер ұстап, құшақтап ойнайтындықтан, мысықта кездесіп, адамдарға берілетін аурулар жұқтырып ала ма деп қорқасың. Әрі бір емес, екі емес, бақандай оншақты мысықтың топталып жүруі, тіпті қоқыс әкеле жатқан адамның алдынан жүгіріп шығуы, шыны керек, аздап көңілге қорқыныш та ұялатады екен.

Қазақта «мысықтілеу» дейтін сөз тіркесі бар, үнемі адамға болсын демейтін, тіпті оның берекелі де бақуатты өмір сүргенін көре алмай, іштей қарғыс тілеп тұратын арам ниетті кісілерге арналып айтылатын бұл теңеуді ата-бабаларымыз тегіннен-тегін айтпаса керек. Задында өз қамы мен қарнынан және жанынан өзгені ойламайтын, реті келсе қарпып қалуға тырысатын мысық дейтін бұл жәндікті негізі аса көбейтпеген де дұрыс-ау. Үйде, таза жерде қолға үйретілгендері болса бір сәрі, ал көшеде топталып жүріп, балалардың ермегіне, көрінгеннің тепкісіне айналған «мұнайшылық» бұл қаңғыбас, бұралқы жәндіктердің көзін жоюға ауылдық округ пен ветеринарлық сала мамандары күш салғандары дұрыс. Әйтпесе, күн санап жаңа ғимараттар салынып, абаттанып жатқан аудан орталығында бұралқы ит-мысықтардың еркін басып, өріп жүруі жараспайтын құбылыс. Осы мәселені көпшілік болып бірігіп, біржақты етсек, қоршаған ортамыздың сәні кіріп қалар еді.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521