Қасқырдың қасиеті

Бала күнімде аңшылардың әңгімесін тыңдап, «аңшы болсам» деп армандайтын едім. Себебі, аңшылар бастарынан өткен оқиғаларын айтқанда, ертегі сияқты көрінетін еді. Аңғарғаным, аңшы болу шынымен де оңай емес екен, әсіресе, қасқыр аулаған кезде қауіп-қатер көп болуы мүмкін. Айдалада апталап, айлап жүріп аң аулау, екінің бірінің қолынан келмейтіні белгілі. Оны тек аңның қыр-сырын жақсы білетін аңшылар ғана аулай алады.

 Біздің өңірде ең қауіпті болып табылатын аңның түрі – қасқыр. Оны аңшылар өте айлакер, ақылды дейді. Сондықтан оны аулау да оңайға түспейтін көрінеді. Кез-келген аңшы оны аулау барысында алданып қалуы әбден мүмкін. Қазір құм өңірінде қасқырдың көп екені ауыл әкімдерінің есеп беру жиындарында да сөз болды. Осыған орай, 1985 жылдан бері аң аулаумен айналысып келе жатқан Атырау қаласының тұрғыны Алпысбай Құлпейісовпен тілдескен болатынбыз.

Аңшының айтқан әңімелері малшылардың бір кәдесіне жарап қалап деп ойлаймын. Қасқырдың ақылдылығы, айлакерлігі тек бір қимылымен шектелмейді. Олар кез-келген жерде қулыққа басып, аңшыларды сан соқтырып кетуге тырысады. Мәселен, қасқырдың арланы мен ұрғашысы аңшыдан қашып келе жатқанда, ұрғашысын құтқарып жіберу үшін арланы жазықтыққа қарай қашады. Аңшының назары соған қарай ауғанда, ұрғашы қасқыр жасырынып үлгереді. Шамасы үйірін қорғау оларда да басты міндет секілді. Қасқырдың тағы бір қасиеті, ол – кекшіл. Оның бөлтіріктеріне адам зиянын тигізетін болса, ол сол адамның малын шетінен жалмайды. Қасқыр өштескен адамның малын таниды дейді, бірақ, қалай танитыны белгісіз.

Қасқыр өте сақ. Өйткені, олар өздерінің мекендеріне жақындағанда, бәрі бір ізбен жүреді. Ізге түсушілер осы жерден тағы да алданып қалуы мүмкін. Себебі, бәрі бір ізбен жүргендіктен 5-6 қасқырдың ізі, бір қасқыр жүріп өткен із сияқты болып көрінеді.

Қасқырдың дала санитары деген екінші аты да бар. Ол далада жатқан кез-келген жемтікті жей бере алады. Себебі, оған ешқандай ауру жұқпайды. Бірақ, соңғы уақыттарда қотырдан өлген малды жеген қасқырға қотыр жұғады дегенді естідік. Өйткені, аңшылар аң аулау кезінде қотыр қасқырларды атып алған. Олардың айтуынша, ондай қасқырды өртеп, жерге көміп тастау керек дейді.

Аң аулаудың неше түрлі тәсілдері бар. Әрбір аңшы өзінің ыңғайына қарап, қасқыр аулайтын аймақты таңдайды. Біреулер сордан ауласа, кейбір аңшылар шағылдан, қамыс арасынан аулайды. Осылардың ішінде сордан аулаған тиімді. Өйткені, қасқыр сордың жағасында салқындап жатып, бірден көзге түседі. Ал, шағылда олар жыңғылдың арасына кіріп жатады. Сондықтан аулауға тиімсіз әрі қиын. Қасқырды қақпан құрып аулайтындар да бар. Бұрын, қасқыр қақпанға түсіп қалса, өз аяғын өзі шайнап, құтылып кетеді деп еститін едік. Егер қақпанға бақайынан төмен түссе, ол құтылмайды. Ал, бақайдан жоғары түссе, ол жұлқынып, секіріп, ақыры аяғын сындырады да, терісін тіспен үзіп, құтылып кетеді. Қақпан құрғанда оған шынжыр бекітіліп, шынжырдың екінші жағына темір байланады. Қасқыр сүйреген сайын, темір жерді жыртып, із қалдырып отырады. Аңшылар сол арқылы оны іздеп табады.

Қасқырлардың өз үйірі болады. Олардың өз мекендері бар. Басқа үйірдің қасқырлары, басқа мекенге барып кірмейді. Кейбір аңшылар, қасқырлар мекенін жер тырнап белгілейді десе, кейбіреулер тезегін тастау арқылы шекарасын көрсетеді дейді.

Қасқыр қартайған кезде үйірінен бөлектенеді. Күндіз жорыққа бірге шығып, кешке мекендеріне келгенде бір-екі қабақ астында бөлек жатады. Жас қасқырлардың аулаған жемтігінен қалғанын жеп, азықтанады. Ол өздігінен малға шаба алмайды.

Қасқырлардың кейбір қасиеттері адамды таң қалдырады. Мәселен, қасқырдың індегі бөлтіріктерін аңшылар көріп қалғанын анасы білсе, дереу оларды басқа жерге көшіріп әкетеді. Егер аңшы анасы жоқ кезде бөлтіріктерін өлтірсе, келесі жылы ол өз күшіктерін екі інге бөліп орналастырады. Ал, анасы аяқ астынан өліп қалған жағдайда, бөлтіріктерін басқа қасқыр бауырына басып, өсіреді екен. Дегенмен, «жетім өскен күшіктер әлсіз, бірден көзге байқалып тұрады», - дейді аңшылар.

Кейбір қасқырлардың қасына келгенде мылтық атылмай қалатын түсініксіз табиғи құбылыстар да кездеседі екен. Ондай қасқырларды аңшылар «ажалы жоқ қасқыр» деп атайды.

Қасқырдың қасиеттері туралы біздің білмейтініміз әлі көп.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521