«Құрметті азаматқа» жанбайлықтар неге ілікпеді?

Соңғы кездері ауданда қаншама жиын, шара болып жатса да, Жанбай ауылының қарттары аталмай қалатын болып жүр.

2016 жыл ғой деймін, Тұщықұдық мәдениет үйіндегі жиында Шамаров Қайнолла деген ағамыздың 80 жасына орай Астанадан келген конвертті ашып қарасақ, 5000 теңге шықты. Енді бұның күлкілі болғаны рас. Түу Астанадан бес-ақ мың теңге. Ауылымыздан «Ауданның Құрметті азаматы» деген атаққа лайықты аға-апалар шықпай жүргенін түсіне алмаймын. Әлде ондай ардагерлеріміз жоқ па? Жуырда әрбір ауылдан бір-бірден бес азамат осы атақты иеленгенін білеміз.

Әрине, лайықты адамдар, сүйсінерлік жағдай. Алайда ауылымыздың ардагерлер ұйымының төрағасы жиналыс ашып, ауыл әкімін қатыстыра отырып, осындай-осындай азаматтар, қарттар Құрметті азамат атағына лайықты деген ұсынысы жетіспеді ме, болмаса, бір-бірімізді етектен тартар қызғаныш бар ма, біздің ауылдан ешкім болмады. Жалпы, лайықты адамдар тірі кезінде аталғаны дұрыс қой деп ойлаймын, өлгеннен соң ол атақтың ешкімге де қажеті жоқ.

Ал, меніңше, Құрметті азамат атанғандар қарап отырмауы керек. Саулығы барында жүріп-тұрып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласуы керек деп есептеймін. «Жақсының айтқаны ем болар, жаманның айтқаны кем болар» демекші, олар – беделді адамдар, олардың сөзін басшылар жағы да есепке алып отыратыны белгілі. Жетпей жатқан жерімізді жеткізетін де, өтпей жатқан сөзімізді өткізетін де солар. Олар жастарға да үлгі, «еңбек етсем, сол дәрежеге жетсем» дейтін ойлы жас соларға қарап бой түзейді. Әрине, біздің ауылымызда да еңбегі сіңген ардагер аға-апаларымыз баршылық.

Мәселен, ардагер ұстаз Амангелді Қапарұлы, ауылшаруашылығы саласының ардагері Бақытжан Талипов секілді аға буын өкілдері, Адайбек Есекеш сынды орта жастағы азаматтар қай құрметке де лайық. Ортамыздағы сондай жандар бағаланып жатса, барша ауылдастар үшін мерей, мақтаныш болар еді.

Мұстажап АЯШЕВ,

штаттан тыс тілші.

Жанбай ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT