Үш қылмыстық іс қаралды

Қылмыс – қоғам үшін қауіпті заңбұзушылықтың дөрекі көрінісі, ол заңмен жазаланатын теріс қылықты әрекет немесе әрекетсіздік.

Қазақстан Республикасының заңдары бойынша қылмыстық құрамы бар әрбір іс-әрекет жауапталып, тәуелсіз сот арқылы жазалануы тиіс. Ауданымыз Кас-пий теңізінің жағалауымен шектесетін болғандықтан, бізде көп кездесетін қылмыс түрі балық аулаумен оны иемденіп өткізумен байланысты болып келеді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтiн жерлерін жою – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Аудандық сотпен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша қаралған істеріне тоқталар болсақ, биыл осы уақытқа дейін 4 адамға қатысты 3 қылмыстық іс түсіп, қаралды. 3 адамға қатысты 3 қылмыстық іс бойынша үкім шығарумен аяқталған. Нәтижесінде 3 адамға да бас бостандығын шектеу жазалары тағайындалды.

Қаралған қылмыстық істің біріне мысал келтіре кетсек, сотталушы азамат Ғ. осы жылғы 4-қаңтар күні сағат 00.00 шамасында пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарларды және олардың бөліктері мен дериваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, тасымалдау мақсатында Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау селосында өзіне таныс емес адамнан 5000 теңгеге үш дана бекіре тұқымдас балықтарын сатып алып, өзінің басқаруындағы автокөлігіне заңсыз сақтап, тасымалдаған. Басты сот талқылауында сотталушы Ғ. кінәсін толықтай мойындады. Сотталушы Ғ-ның қылмыстық іс-әрекеті өзінің сотта берген мойындау жауабымен, ұстау және алу, қарау туралы хаттамаларымен, заттай дәлелдемені қабылдау және тапсыру туралы актісімен және басқа іс құжаттарымен толықтай дәлелденді. Соттың 2018 жылғы 17 қаңтарындағы үкімімен сотталушы Ғ. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабымен кінәлі деп танылып, осы баппен оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Барлық сотталушылар қылмыстық заңнамаға сәйкес, заңды, әділ жазаларын алған. Заңнан тыс әрекет етпеу әркімге міндет екендігі және заңсыз жолмен пайда табудың қай күнде де жазасыз қалмайтындығын естен шығармағанымыз абзал.

Динара СҮЛЕЙМЕНОВА,

аудандық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521