Тақтаны таба алмай жүрміз

Облыстық «Атырау» газетінің биылғы №87 санында Дәулетқали Аруевтің «Консорциумның көмегі – ел игілігіне» атты мақаласы жарияланды.

Онда автор облыс көлеміндегі ауқымды жұмыстарға қаражат бөліп, ел игілігі үшін ұдайы көмек-қолдауын көрсетіп жүрген компаниялар қатарындағы «Каспий Құбыр Консорциумы – Қазақстан» (КҚК–Қ) акционерлік қоғамының қолдауы туралы айтады.

«Оған қоса Аққыстаудың орталығында консорциум «Ардагерлер аллеясын» қайта жаңғыртуға да қыруар қаржы (22 549620 теңге) бөліпті. Игілікке берілгеніне он шақты жылдың жүзі болғанымен, бертінде күтімсіз қалған бұл нысанның аумағы абаттандырылып, боздақтар монументі «Мәңгілік алау» күрделі жөндеуден өткізілген» делінген мақалада. Осы бір деректер 3 айдай уақыттан бері көкейімде жүрген мәселені қозғауыма түрткі болды.

Шындығы керек, автордың жазып отырған «Ардагерлер аллеясы» қазіргі де күтімсіз тұр. Турасын айтсақ, әлі де қараусыз қалуда. Оған дәлел де бар. Аталған аллеяда боздақтар монументі «Мәңгілік алаумен» қатар Социалистік Еңбек Ері атағын алған аудан азаматтарына арналған ескерткіштер қойылған болатын. Ескерткіштер саны – 9. Сол тақталардың бірінде Тұщықұдық ауылдық округінің Айбас құмында дүниеге келіп, Ұлы Отан соғысы кезінде колхоз малын бағып, әкесіне көмекші болған Кәрімұлы Қапизолла атамыздың есімі тұрғаны артындағы ұрпақтарына зор қуаныш болып, іштей марқайып жүретінбіз...

Арада уақыт өтіп, әкемізге орнатылған сол тақтаның орнынан түсіп қалып, ескерткішке сүйеулі тұрғанын (13.08.2018) «Атырау Ойл» сайтынан инстаграмға жүктелгенінен көрген сәттен бастап мазамыз кетті. Мәселенің мәнісін білу үшін Еңбек Ерінің қызы Балзира Аққыстау ауылдық округі әкіміне арнайы барып жолыққан. Ауыл әкімі тақтаны ескерткішке орналастыру үшін желім әкелінетінін күтіп отырғанын айтыпты. Бірақ әлі күнге дейін айтылған желім де жоқ, атамыздың аты-жөні жазылған тақта да жоқ орнында. Ол кісінің ескерткішінің қатарында тұрған және бір тақта тағы жоқ, ұрпақтары біз сияқты іздеп жүрген болар.

Атамыз Исатай ауданының жандай құрдасы еді, қазан айының 15-інде 90 жасқа толды. Ауданымыздың торқалы тойы дүркіреп өтті. Сол тойға алыс-жақыннан көптеген қонақ келді. «Жақсыны көрмек үшін» деген сөз бар ғой, солардың араларында туған жерлерінің атаулы нысандарын аралағандары немесе Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға тағзым етуге барғандары болар, сонда жауапсыздық салдарынан соншама қаражатқа салынған ескерткіштердің күтімсіз қалғанын, тіпті, есткерткіш тақталардың орнының ойсырап тұрғанын көргенде қандай ой түйіп кетті екен?

Сол тойдан кейін де ескерткіштердің тақтасы орнатылған болар деген үмітпен аталмыш аллеяға апта сайын барып жүрмін. Жоқ. Ескерткіш тақталардың жағдайы өзгермеген. Ауданымызда жоғын іздеген елге кімнен көмек боларын, кімнен жауапкершілік сұрайтынымызды нұсқайтын жан бар ма екен? Облыстық газетте айтылғандай, қыруар қаржы жұмсалған «Ардагерлер аллеясының» шынымен құндылығының болмағаны ма? Күнделікті көріп жүрміз, қазіргі таңда Аққыстау орта мектебінің алдындағы аумақта үлкен құрылыс жүріп жатыр. «Ардагерлер аллеясымен» жалғасатын сол нысан да болашақта «көршісінің» кебін киіп, күтімсіз қалып жүрмесе екен. Барымызды бағалай білейік те, ағайын!

Айгүл НЫҒМЕТОЛЛАҚЫЗЫ.

Тұщықұдық ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521