Исатай ауданының әкімі чемпиондарды қабылдады

Бүгін Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов күні кеше Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен армрестлинг пен пара-армрестлингтен Азия чемпионатында және Ресей елінің астанасы Мәскеуде өткен дзюдодан халықаралық турнирде атой салып, ел абыройын асқақтатқан исатайлық чемпиондарды қабылдады. 

Аудан басшысы алдымен жиналғандарды келе жатқан 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, қос мерекенің де ел тарихында алар орны ерекше екенін атап өтті.

img_5977

- Байрақты бәсекеде ел намысын қорғау оңай емес. Әлем елдерінің алдында көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқандарыңыз үшін аудан тұрғындарының және өзімнің атымнан алғыс білдіргім келеді. Өзге мемлекеттерден де сайдың тасындай кіл мықтылар іріктеліп жиылған осындай ірі додадан топ жару – тыңғылықты дайындық пен қажырлы еңбектің жемісі. Сіздердің кезекті асқан асуларыңыз, шыққан белестеріңізге шын қуаныштымыз. Алдағы уақытта да спорттағы шеберліктеріңіз бен ерік-жігерлеріңізді ел намысын қорғау жолында жұмсайсыздар деп сенемін, - деген аудан басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларға гүл шоғын ұсынып, өзінің алғыс хатын табыстады.

img_5989

img_5997

img_5991

img_5992

Сондай-ақ қабылдауда аудан әкімі аудан спортының өркендеуі үшін жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Ол өз сөзінде Тұщықұдық ауылынан бой көтеретін жаңа спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын осы жылы толықтай аяқтап, тұрғындар игілігіне беруді көздеп отырғанын жеткізді.

- Тұщықұдық ауылына жоспарланған жаңа спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасына өзгеріс енгізіліп, қазіргі күні мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Мамыр айында мемлекеттік сараптамадан шығады және сол мезетте жауапты мердігер мекеме құрылыс жұмыстарына жедел кірісетін болады, - деп толықтырды өз сөзін Полымбет Хасанов.

Аудан басшысы қандай да болмасын жобаның құрылыс жұмыстары сапалы жасалып, уақытында аяқталуы тікелей мердігер мекемеге байланысты екенін де назарға салды.

img_5194

- Біз өз тарапымыздан әркез тапсырылған жұмысына жауапкершілікпен қарайтын мердігер мекеме кезіксе екен деп отырамыз. Себебі, техникасы немесе жұмысшылары, тіпті кейде қаражаты жеткіліксіз мердігер мекемелерде мемлекеттік сатып алудың нәтижесінде жеңімпаз ретінде танылып жатады. Бұл өз ретінде құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында аяқталуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан бұл жерде барлығы тікелей мердігер мекемеге байланысты екенін де ескеру қажет, - деді аудан әкімі.

img_6001

Жиында бұдан өзге Исатай және Х.Ерғалиев ауылдарына да жаңа спорт кешенін салу жоспары сөз болды. Аудан басшысы осы жылы аталған ауылдарға жоспарланған спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталып, келер жылы қаржысы бөлінсе, бұл жұмыстар да оң шешімін табатынына сендірді.

img_6004

Өз кезегінде спортшылар өздеріне қолдау танытқан аудан басшысына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта бұдан да жоғары белестерді бағындыруға ниетті екендіктерін жеткізді.

img_6003

Айта кетейік, жақында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен армрестлинг және пара-армрестлингтен Азия чемпионатында ардагерлер арасында армрестлингтен Алмагүл Қанатова және пара-армрестлингтен ерлер арасында Аслан Қайрушев оң және сол қолдарынан Азия чемпионы атанса, пара-армрестлингтен әйелдер арасында Әсия Нәбиева оң қолдан күміс жүлде, жастар арасында Сәтбек Төлебаев оң қолдан алтын, сол қолдан күміс медальді еншілеген болатын. Сондай-ақ зинедендік 12 жасар Інжу Жұмажан Мәскеу қаласында өткен дзюдодан халықаралық турнирде топ жарып, алтыннан алқа тағынды. Өзбекстаннан жеткен ақжолтай хабар! (naryntany.kz) 12 жасар Інжу халықаралық турнирде топ жарды (naryntany.kz)

Ел абыройын асқақтатар спортшыларымыз көп болсын!

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521